2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады - деді Елбасы кеңесте сөйлеген сөзінде.
ҚР Премьер министрі Б. А. Сағынтаевтың 14.05.2018 ж № 20-8/1067 жаңартылған білім мазмұнын іске асыруда 2018-2021 жылдарға арналған Жол картасы негізінде, ҚР Білім министрі Б. Сағадиевтің бекіткен 10.05.2018 ж № 198 бұйрығына сай, аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде үш тілде оқытуға көшу бойынша 2018 жылы 23 мамырда аудан әкімінің орынбасармен бекітіліп, 2018-2022 жылдарға арналған жол Картасы құрылды. Әр оқу жылында тілдік курстан өткен мұғалімдер мен қажеттілік көрсеткіші, әр оқу жылында қамтылатын оқушылар саны кестеде және картада көрсетілді.
Ақкөл ауданы бойынша үштілділік жобасы 2016 - 2017 оқу жылынан басталды. Қаладағы Петр Исаков атындағы № 1 Ақкөл орта мектебі «Үштілділік» пилоттық жобасын жүзеге асырудың эксперимент алаңы болып табылды.
2016 - 2017 оқу жылында 10, 11 сыныптарда химия, 2017 - 2018 оқу жылында 8-сыныптарда биология пәні ағылшын тілінде өткізіліп, эксперимент жұмысын табысты аяқтады. Осы жоба екі жыл бойы жүзеге асырылып, қазір жалғасын тауып отыр. 2018 жылы қыркүйек айынан бастап, аталған мектепте физика пәні 8 - сыныптарда, биология пәні 9 - сыныптарда 108 оқушымен оқытылып отыр. Пән мұғалімдері Струминская Елена Владимировна және Менбаева Гүлнәр Хамитовна өткен оқу жылында үштілділік курсынан өтіп, В-2 деңгейлі сертификатын алды
Ақкөл ауданында 27 мектеп бар. Аудандағы 12 мектептің 15 мұғалімі 7 - 11 сыныптарда информатика, биология, физика, химия пәндерін ағылшын тілінде өткізуде. 8 мектепте инварианттық сағат есебінен жартылай ағылшын тілінде сабақ ретінде, ал 8 мектепте вариативтік сағат есебінен факультатив курс нысаны ретінде ағылшын тілінде сабақ үйретілуде. Қазіргі таңда 15 мұғалімге қосымша 35 мың көлемінде үстеме жалақы республикалық бюджеттен төленіп отыр. Желтоқсан айында 6 мұғалім үштілділік бойынша біліктілік деңгейлерін көтеру үшін үш айлық курстан өтіп сертификат алды. Аудан бойынша барлығы 21 мұғалім үштілділік курсын аяқтап, сертификаттарын қолдарына алды. Бір мұғалім менторлық курсты аяқтады. Ең жоғарғы С деңгейін - 8, В2- деңгейін – 11 мұғалім, В-1 деңгейін 2 мұғалім қорғады.
Аудандағы орта және негізгі мектептердің жоғары сынып оқушыларының ата – аналарымен үштілділіктің маңызы мен мәні, өзектілігі жөнінде бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары бетпе- бет әңгімелесу, дөңгелек үстел, сұхбат алаңдары түрінде өткізіліп, талқыланды.
Үштілділік идеясын оқу үдерісіне енгізу өте күрделі мәселе. Бірақ кейбір ата – аналар әрбір оқу пәндерінің ерекшеліктеріне сай, оның теориясы мен әдістемесін ағылшын тілінде меңгерген маман кадрларды даярлап алмайынша; оқу пәндерін ағылшын тілінде қажетті оқулық және оқу- әдістемелік кешендерді қамтамасыз етпейінше, бұл мәселенің қазір көтеріліп, оны оқу үдерісіне ендіру асығыстық дүние екендігі туралы да айтты. Көптеген ата – аналар ел саясатын дұрыс түсінетіндіктерін, әлем кеңістігіне ену үшін үштілділіктің ауадай қажет екендігін және балаларының жаратылыстану ғылымдарын үштілде оқуына қарсы еместігін айтты.